"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында облыста мал ұрлығының алдын алу және мұндай қылмыстарды ашу жұмысы күшейтілді.
Биылғы 20–22 қараша аралығында өңірде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
"Іс-шара барысында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының полицейлерімен бірлесіп, мал ұрлығын ашу үшін ауқымды жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мал ұрлығының алты дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адамнан тұратын топ ұсталды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Полиция олардың жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқының ұрлығына қатысы барын анықтады. Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр", – деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның түсіндіруінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұған дейін, 2026 жылғы 18 қарашада, Қазақстанның солтүстігінде жоғалған сиырды іздеу оқиғасы күтпеген арнаға бұрылғаны белгілі болған еді.