Агенттік бұған дейін аталған адамдардың мүлікті Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алуы мүмкін деген нұсқаны тексергенін атап өтті.
Алайда бұл нұсқа расталмаған.
Ведомство бүгін, 2026 жылғы 12 қазанда, нақтылағандай, тергеу барысында барлық қаржылық операцияға егжей-тегжейлі талдау жасалып, ұрланған қаражатты заңдастырудың толық схемасы анықталған.
"Перизат Қайрат иемденген қайырымдылық қаражатын көліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеп, жиһаз алуға, брендтік киім-кешек пен әшекейлерге, бизнес-класпен ұшуға, қымбат қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына баруға жұмсаған. Бұл ретте А. отбасымен өзара есеп айырысу фактілері анықталған жоқ", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Бұған қоса, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры құрылып, Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейін сатып алынған.
ҚМА мәліметінше, А. есімді ерлі-зайыптылар 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сатумен айналысып келеді.
"Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабының талаптарына сәйкес, мүлікке тыйым салуға және оны тәркілеуге оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана жол беріледі.
"Күдіктілермен туыстық байланысының болуы ғана адамды қылмыстық қудалауға және оның активтерін алып қоюға заңды негіз бола алмайды", – деп атап өтті агенттіктің баспасөз қызметі.
2025 жылғы 25 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім жарияланды. Перизат Қайрат ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында және 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ғайни Алашбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында қамауға алынды.
Сот үкіміне сәйкес, Перизат Қайраттың мына мүлкі тәркіленді:
- "Vela Village" коттедж қалашығындағы жеке үйі;
- "Akbulak Riviera", "Sensata Plaza", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлері мен автотұрақ орындары;
- 2024 жылы шығарылған Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600, Haval H6 GT және 2023 жылы шығарылған Mercedes-Benz EQE 500 4 matic автокөліктері;
- "Rebel Flowers" ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесі;
- 97 млн теңгеден астам қаражат пен 22 мың доллар.