Әуе компаниясының мәліметінше, Алматыдан Павлодарға ұшқан FS-7131 рейсінің ұшағы Алматыға кері оралған. Осыдан кейін аталған рейс пен Павлодардан Алматыға бағытталған FS-7132 рейсі тоқтатылды.
Бұған Павлодар әуежайында ұшақты мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігінің болмауы себеп болған.
"Ұшақ әуеде болған кезде Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлады. Ұшар алдында әуе кемесін міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеуді қажет ететін жауын-шашын күтілетіні белгілі болды. Ұшақтың Павлодардан қауіпсіз ұшып шыға алмай қалуына жол бермеу үшін Алматыға кері қайту туралы шешім қабылданды", – деп түсіндірді әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Рейстердің қашан қайта орындалатыны қосымша хабарланады.
Компания өкілдері ұшақты мұздануға қарсы өңдеудің не үшін қажет екенін де түсіндірді. Жауын-шашын жауып, ауа температурасы нөлге жуықтаған кезде ұшақтың бетіне мұз, қырау немесе қар жиналуы мүмкін. Бұл қанаттың аэродинамикалық қасиеттерін нашарлатады.
"Мұздануға қарсы сұйықтық ұшақтың бетіндегі мұзды, қырау мен қарды кетіріп, олардың қайта түзілуіне жол бермейді. Ұшу қауіпсіздігі талаптары бойынша мұндай жағдайда ұшақты арнайы өңдеуден өткізбей ұшыруға болмайды", – делінген хабарламада.
Жолаушылар бос орын болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін ауыстыра алады немесе билетке төлеген ақшасын толық қайтарып ала алады.
Бұған дейін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Алматыдан Ақтауға ұшпақ болған жолаушылар егде жастағы ер адамның қалжыңына байланысты ұшақтан түсірілген еді. Оқиғаның мән-жайын FlyArystan мен Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметтері хабарлаған болатын.