Бір айда шекара кеңістігінде заң талаптарын бұзған 3 318 адам ұсталды. Олардың 2 791-і – шетел азаматы.
Шекарашылар тауарлар мен жүктерді шекара арқылы заңсыз алып өтудің 1 267 дерегінің жолын кесті. Бұл тауарлар мен жүктердің жалпы құны 2,1 млрд теңгеден асады.
"Каспий теңізінің айдынында браконьерліктің 119 дерегі анықталып, жолы кесілді. Жалпы ұзындығы 88 шақырым болатын заңсыз балық аулау құралдары мен жалпы салмағы 933 келі болатын бекіре тұқымдас 187 балық тәркіленді. 413 млн теңгеден астам залалдың алдын алдық", – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Шекара қызметі өз құзыреті шегінде 47 қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Шекара қызметінің өндірісінде 3 021 әкімшілік іс бар. Осы істер бойынша жалпы сомасы 35 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
"Қалған деректер бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды", – делінген ҰҚК хабарламасында.
Еске салайық, 2026 жылғы 4 қарашада Қазақстан азаматының құны 100 млн теңге болатын құстарды шетелге алып өтпек болғаны белгілі болды.