Адвокат Чернова Instagram-дағы парақшасында видео жариялады.
"Таңертең менің жекеме осындай видео келіп түсті. Видеодан бас бостандығын шектеу жөнінде сот шешімі бар әрі бірқатар міндеттер жүктелген Мәжіліс депутаты Тұрлыхановтың ұлы - Нұрасыл Болатты көруге болады, бұл оның заң талаптарын сақтамайтынын айқындайды. Видео таңғы сағат 3-те түсірілген, ал ол 23-00-де үйде болуы керек емес пе? Сонымен қатар, маған оның тіркелген орыны, яғни пробацияны өткеру орыны Астана екені белгілі, ал видеодан оның түнде Алматыда жүргенін көруге болады", – деп жазды Анна Чернова.
Осыған байланысты заңгер Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арнап сұрақтар қойды.
"ҚАЖК қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастауды сұраймын... Мәжіліс депутаты Тұрлыхановтың ұлына қатысты шаралар қабылдансын", - деді Анна Чернова Антикорға қаратып айтқан сөзінде.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметіне хабарласып, төмендегідей жауап алды.
"Аталған сотталған адамға қатысты үкім 2024 жылдың 14 тамызында орындау үшін пробация қызметіне (тіркелген жері бойынша) келіп түсті. Заңнамаға сәйкес пробациялық бақылау сотталған адамды есепке алған сәттен бастап жүзеге асырылады".
Нұрасыл Болаттың ісі ҚР Жоғарғы сотында қаралғаны белгілі.
"Үкім жарияланған сәттен бастап күшіне енеді", деп жауап берді ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Алматыда 2023 жылдың 11 ақпанына қараған түні Нұрасыл Болат заңгерлер Анна мен Олег Черновтарға қол жұмсаған болатын. Олар жас жігіттің соққысына ұшыраған қызға көмектеспек болған. Болатқа қатысты ҚР ҚК-ның 107-бабының 2-бөлігі, яғни "Екі және одан да көп адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша іс қозғалды.
Кейін Нұрасыл Болаттың мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері екені және 2 шілдеде әскери бөлімнен қашқаны белгілі болды. 3 шілдеде ол табылып, содан кейін 15 күнге қамауға алынды.
Қазан айында сот оны ҚР ҚК-ның 107-бабы, 2-бөлігі, 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ ол екі жәбірленушіге 500 мың теңгеден төлеуге тиіс еді.
2024 жылғы 14 мамырда ҚР Жоғарғы соты Нұрасыл Болаттың үкімін өзгертіп, оған екі жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады. Мәжіліс депутатының ұлына жазаның барлық кезеңінде пробациялық бақылау міндеті жүктелді. Жәбірленуші адвокаттар Анна мен Олег Черновтардың айтуынша, бұл Нұрасылдың "шетелге шығуға, клубтар мен барларда жүруге, алкоголь ішуге және басқа да қылмыстар жасауға болмайтынын, пробациялық бақылау қызметіне көрініп отыруы керектігі және сағат 23:00-ден кейін үйде болу керектігін" білдіреді. Сондай-ақ, моральдық зиянды өтеу сомасы әрқайсысына 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.