Қазақстанда "конверттегі жалақы" мәселесін шешуге бағытталған цифрлық жүйелер енгізіледі
Фото: pexels
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің цифрлық тізілімі құрылмақ. Қазіргі уақытта елімізде осындай шамамен 400 ұйым жұмыс істейді.
Жаңа тізілім азаматтарға агенттіктердің сенімділігін алдын ала тексеруге мүмкіндік береді. Жүйеге заң талаптарына сай келетін, салық берешегі мен сот шектеулері жоқ компаниялар ғана енгізіледі.
Сондай-ақ агенттіктер клиенттермен келісімшарттарды арнайы платформа арқылы тек электронды форматта жасауға міндеттеледі. Бұл жасырын комиссиялар мен бейресми келісімдердің алдын алуға бағытталған. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс берушілер де тексеріліп, агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізіледі.
Министрлік еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін жаңғыртуды да жоспарлап отыр. Жаңа цифрлық сервистер еңбек шарттары мен зейнетақы аударымдары туралы мәліметтерді автоматты түрде салыстырып отырады.
Мысалы, жұмыс беруші қызметкерге ресми еңбек шарты жасалмай тұрып есептілік тапсыруға әрекеттенсе, жүйе заңбұзушылық жойылғанға дейін рәсімді аяқтауға мүмкіндік бермейді.
Ал "конверттегі жалақымен" күрес үшін жасанды интеллект технологиялары пайдаланылмақ. Арнайы алгоритмдер өңірлер мен мамандықтар бойынша еңбекақы деңгейін талдап, қызметкерлердің жалақысы нарықтағы орташа көрсеткіштен едәуір төмен болған жағдайда жұмыс берушіге түсініктеме беру туралы хабарлама жібереді.
Егер компания мұндай айырмашылықтың негізді себептерін ұсына алмаса, ол жоғары тәуекел тобына енгізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпорын мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу мүмкіндігінен айырылып, мемлекеттік сатып алулардағы жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізілу қаупіне тап болады.
Еңбек министрлігі бұл бастамалар еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.