Қорғаныс министрінің орынбасары Ми-8 тікұшағының құлауына қатысты пікір білдірді
Сұлтан Камалетдинов 2024 жылғы 11 қарашада Digital Army Day барысында қаза тапқан офицердің туыстарына көңіл айтты.
"Бұл Қарулы күштер үшін орны толмас қайғы. Көмек толық көлемде көрсетіледі, заңнамаға сәйкес төлемдер болады. Балалары асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алады", — деді ол.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары мұндай фактілердің орын алатынын мойындады. Тергеу жүргізіліп, нәтижелері туралы жұртшылыққа хабарланатын болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттың әртүрлі нұсқалары, соның ішінде техниканың істен шығуы қарастырылуда.
"Тікұшақ әлем бойынша ең сенімділердің бірі болып саналады және 50 мемлекетте қолданылады", – деп түйіндеді Сұлтан Камалетдинов.
Еске салайық, бұған дейін 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонғанын хабарлаған едік.
Бортта болған 3 экипаж мүшесінің екеуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты.
ҚР Ішкі істер министрлігі осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы Ми-8 тікұшағы апатынан аман қалған екі адамның жағдайы туралы айтты.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан Ақтөбедегі көпсалалы облыстық ауруханаға барып, Сарыжар ауылы маңында болған тікұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білді.
Кейінірек Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысындағы авиациялық апат бойынша ресми мәлімдеме жасады.
Марқұм майордың артында екі баласы қалғаны да белгілі болды.