Шымкентте шетелдік азаматтарға ота жасалған

Тәжікстан азаматы Абулахай Қасымов шымкенттік дәрігерлердің арқасында аман қалды. Инсульттан соң мидағы қан тамырларының бірі бітеліп, мүгедек болып қала жаздаған науқасқа 4 сағат бойы операция жасады. Нейрохирургтар медицинадағы ең озық тәсілдерді қолдана отырып, миға қосымша тамыр жалғады, деп жазады qazaqstan.tv.
"Қан қысымым қайта-қайта көтеріліп мазам кеткен соң тәжікстандық дәрігерлер Қазақстанда операция жасатуға кеңес берді. Телефонмен байланысып, осында келдік. Операциядан шыққаныма бір жетіге жуықтады. Қазір жағдайым жақсы. Басымның айналғаны да қойды. Өзімді жақсы сезіне бастадым." Абдулахай Қасымов, Тәжікстан Республикасының азаматы
Шымкентте былтыр 148 шетел азаматына осындай күрделі ем жасалды. Олардың дені нейрохирургия, ортопедия, кардиохирургия, трамвтология және тарансплантологиялық операциялар.
"Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың іштен бітеле бастауы, атеросклероз дейді. Оған қосымша бас миындағы ісіктер, қиын жерде орналасқан ісік болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайда олар таңдау жасап, бір-бірінен естіп, осында ота жасатып кетіп жатыр." Марат Құлмұрзаев, дәрігер-нейрохирург
Жергілікті дәрігерлердің мұнан бөлек ағзаға трансплантация істей бастағанына да 10 жылдан асты. Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 200-ден астам отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған.
"Одан бөлек қазір балалар ауруханасында жас балалардың жүрегіне операциялар бастадық. Биылғы жылы 3 ота шеберлік сағатымен жасалды. Енді біз соны әрі қарай жалғастырамыз." Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Медициналық туризмнің дамуына емдеу ісіне инновациялық технологиялардың енгізілуі серпін берді. Бүгінде ауруханалардың озық құралдармен жабдықталуы 87 пайыздан асқан. Жыл сайын 130-140 маман Литва, Ресей, Түркия елдерінде біліктілік арттырып келеді. Оған қазынадан 400 миллион теңгедей қаржы бөлінеді.