ҚТЖ Stadler вагондарының неге әлі іске қосылмағанын түсіндірді
Сурет: akorda.kz
Журналистер Stadler вагондарының іске қосылуы неге кешігіп жатқанын және олардың қашан жолаушылар тасымалына шығатынын сұрады.
Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, бұл жоба шамамен екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
"Желтоқсан айында біз Stadler компаниясымен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес жұмыс істедік. Жуырда компания арнайы мәлімдеме жасап, біздің уәждерімізді растады. Онда тежегіш жүйесіне қатысты мәселелер болғаны көрсетілген. Ұлттық тасымалдаушы ретінде біз жолаушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейінше вагондарды пайдалануға бере алмаймыз", – деді ол.
Оның айтуынша, анықталған ақаулардан кейін 2026 жылдың ақпан-наурыз айларында қосымша сынақтар жүргізіліп, олар мамыр айында аяқталған.
"Қазіргі уақытта вагондарды әртүрлі жылдамдықта сынау нәтижелері бойынша жасалған актілер Stadler компаниясының қол қою кезеңінде тұр. Біз теміржол әкімшілігі ретінде вагондарды қабылдауға дайынбыз. Барлық ескертулер жойылғаннан кейін олар пайдалануға беріледі", – деді ҚТЖ басшысы.
Өз кезегінде ҚТЖ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов негізгі мәселе тежегіш жүйесіне қатысты екенін айтты.
"Бұл мәселеге ерекше назар аудардық. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сәйкессіздіктер қабылдау және сапаны бақылау рәсімдері кезінде анықталды. Желтоқсандағы сынақтар барысында Қазақстанның және басқа да теміржол әкімшіліктерінің техникалық талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктер белгілі болды", – деді ол.
Әнуар Ахметжановтың сөзінше, ҚТЖ мамандарының бағалауынша, вагондардың тежегіш жүйесі әлі де қолданыстағы талаптарға толық сәйкес келмейді. Бұл туралы барлық құжаттар мен сынақ қорытындылары өндіруші компанияға жолданған.
Ол анықталған кемшіліктердің нақты себептері бойынша түсініктемені өндіруші компаниядан сұрау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ҚТЖ-ның пікірінше, Stadler компаниясы бүгінгі күнге дейін барлық ескертулерді толық жоймаған.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Stadler вагондарының жеткізілуіндегі кешігулерге жол бермеуді тапсырған болатын.