Шаққалиев жанармай мен электр энергиясы бағасының өсуі азық-түлік құнына қалай әсер ететінін түсіндірді

Зеленый базар, продукты питания, торговля, базар, рынок, мясной цех, мясо, разделка мяса, цены на мясо, мясная продукция, стоимость мяса, мясной отдел, цена мяса, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.06.2026 13:52 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылғы 17 маусымда Мәжіліс кулуарында жанармай мен электр энергиясы бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасына ықпалы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Журналистер министрден осыған қатысты талдау жүргізілген-жүргізілмегенін және әлеуметтік маңызы бар тауарлар қаншалықты қымбаттауы мүмкін екенін сұрады.

"Мысалы, сүт өнімдерін алайық: олардың өзіндік құнының 80 пайызы шикізатқа тиесілі. Нан өнімдерінде өзіндік құнның 65 пайызы – ұнның бағасы. Ал сиыр етіне келсек, шығындардың 80 пайызына дейін жем-шөп құрайды. Сондықтан электр энергиясының әсері жоқ деп айта алмаймын, әрине, бұл өндіріс шығындарына ықпал ететін факторлардың бірі. Бірақ бұл бағалардың құбылуы шешуші деңгейде емес", – деді министр.

Оның айтуынша, өнім бағасына ең алдымен шикізат құны, қызметкерлердің еңбекақысы және өзге де өндірістік шығындар әсер етеді.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері жанармай бағасын ырықтандырудың салдары Энергетика министрлігімен талқыланды ма деген сұрақ қойды. Себебі жанар-жағармай бағасының өсуі тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына тікелей әсер етеді.

"Бұл мәселелердің барлығы есептеледі. Ұлттық экономика министрлігі индикативтік жоспарлар әзірлейді, эконометрикалық модельдер қолданылады. Тарифтерге қатысты мәселелердің бәрі вице-премьердің төрағалығымен өтетін экономикалық штабтарда қаралады. Әр ведомство өз саласының шығындары мен инфляцияға әсерін есептейді. Мұның бәрі инфляциямен күрес жөніндегі кешенді шаралардың бір бөлігі", – деді Арман Шаққалиев.

Журналистер жанармай бағасының өсуіне байланысты тауарлар бағасының қаншалықты қымбаттауы мүмкін екені есептелген бе деп нақтылады.

"Сіздер біз 20 пайыздық қымбаттауды жоспарлап отырмыз дегенді естігілеріңіз келе ме? Мен мұны ешқашан айтпаймын. Ешкім бағаның белгілі бір деңгейде өсетінін алдын ала жоспарламайды. Өнімнің өзіндік құнын есептеген кезде өндіруші нарықтағы бәсекелестікке қарай өз маржасын белгілейді. Біз олардың пайда мөлшерін шектемейміз, өйткені бізде мемлекеттік баға реттеуі жоқ", – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар ол реттелетін тарифтер бойынша Үкімет негізсіз қымбаттауға жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты.

"Біз мұнда алтын ортаны табуға тырысамыз: тариф пен инвестиция, тариф пен инфрақұрылымның тозуы арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Үкіметтің міндеті – инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік беру, энергетика саласындағы қызметкерлердің лайықты жалақы алуын қамтамасыз ету және сонымен қатар тауар бағасының күрт өсуіне жол бермеу", – деді Арман Шаққалиев.

Айта кетейік, бұған дейін министр доллар бағамының құбылуының Қазақстандағы бағаға әсері туралы да пікір білдірген болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: