Астана полициясы отшашулар мен даңғаза мерекелерге байланысты тұрғындарға ескерту жасады
Фото: Zakon.kz
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу деректері жиілеген.
"Мерекелік шаралар өткізу кезінде қоғамдық тәртіптің бұзылу жағдайларының көбеюіне байланысты полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық мінез-құлық нормаларын қатаң сақтауға және азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге жол бермеуге шақырады", – деді Астана қалалық Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Эльмира Шәуленова.
Оның айтуынша, соңғы кезде туған күндер, отбасылық мерекелер және басқа да маңызды оқиғаларды атап өту барысында кейбір азаматтар мерекені барынша ауқымды әрі әсерлі өткізуді көздеп, шамадан тыс шу шығаратын жағдайлар көбейген.
"Көп жағдайда бұл қоғамдық тәртіптің бұзылуына және айналадағы адамдарға қолайсыздық тудыруға әкеледі. Әсіресе түнгі уақытта тұрғын үйлер маңында және қоғамдық орындарда отшашу, пиротехникалық бұйымдар мен басқа да шу шығаратын құралдарды пайдалану тұрғындардың тыныштығын бұзып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін", – деді Эльмира Шәуленова.
Сондай-ақ мұндай іс-шаралар көбіне қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштық режимін бұзу және аулалар мен көшелерді пиротехника қалдықтарымен, конфетти және тұрмыстық қоқыспен ластау фактілерімен қатар жүреді.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, азаматтарды мерекелік шараларды өзгелердің тыныштығын құрметтей отырып өткізуге, қаланың тазалығын сақтауға және тұрғындарға қолайсыздық тудыратын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.