Енді ЭЦҚ мен SMS: Қазақстанда аккаунттарға кіру тәртібі күрделенді
Фото: freepik
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының (ҰКО) жеке кабинетінде пайдаланушылардың аккаунттарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында екі факторлы аутентификация енгізілді.
Енді жүйеге кіру кезінде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен кілт құпиясынан бөлек, қосымша растау ретінде бір реттік SMS-код немесе eGov Mobile қосымшасындағы "Жеке куәлік" цифрлық құжатынан алынған кодты енгізу қажет.
"Бұл қосымша тексеру механизмі пайдаланушылардың аккаунттарын қорғауға және жеке деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алуға бағытталған", – делінген "ҰАТ" АҚ баспасөз қызметі хабарламасында.
Айта кетейік, бұл талап Қазақстанда тіркелген ұялы нөмірі жоқ бейрезиденттерге қолданылмайды.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету ережелеріне 2026 жылғы 28 маусымнан бастап енгізілетін өзгерістер туралы қосымша ақпарат тиісті сілтемеде берілген.