Тоқаев: "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" мегажобасы әлемдік BigTech компанияларын тартуы тиіс
Фото: primeminister.kz
Президенттің айтуынша, еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы цифрлық экожүйе қалыптастырды.
"Еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады. Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, осының нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есеге өсіп, көлемі 3,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл елдегі бөлшек сауда айналымының шамамен 15 пайызын құрайды.
Президент мұндай көрсеткіштер азаматтардың цифрлық сервистерге деген сенімінің артқанын және тұтынушылық мәдениеттің өзгеріп жатқанын көрсететінін айтты. Оның пікірінше, бұл үрдісті сақтау үшін мемлекет цифрлық инфрақұрылымды үздіксіз дамытуы қажет.
Мемлекет басшысы қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, экономика және ұлттық қауіпсіздік салаларында қолдануға мүмкіндік берген маңызды қадам болғанын атап өтті.
Сонымен бірге Президент жасанды интеллектіні дамыту үшін жоғары есептеу қуаты қажет екенін айтып, осыған байланысты жаңа инфрақұрылымдық жобаның маңызына тоқталды.
"Дәл осы себепті "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке бұл жобаны ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
"Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын", – деді Мемлекет басшысы.