Есірткі бизнесінің цифрлық арналарына қарсы күрес күшейді: 9 мың банк картасы бұғатталды

Центр оперативного управления департамента полиции, сотрудники полиции, видеонаблюдение, полиция, полицейские, ЦОУ, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.07.2026 10:32 Фото: Zakon.kz
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 7 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, интернеттегі заңсыз есірткі саудасына қатысты 6 мың сайт бұғатталды. Бұл туралы ІІМ бірінші жартыжылдықтағы жұмысты қорытындылау барысында мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Ішкі істер министрінің бастамасымен құрылған Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті өз жұмысын күшейткен.

Биылғы жартыжылдықта құқық қорғау органдары 7 тоннадан астам есірткіні заңсыз айналымнан алып тастады. Оның ішінде 500 келіден астамы синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 15 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оның бірі трансұлттық қылмыстық топ болған.

Есірткі қылмысының интернет пен криптовалюта арқылы жүзеге асырылуына байланысты цифрлық бағыттағы жұмыстар да күшейтілді. "Кибернадзор" жүйесі арқылы заңсыз контент таратқан 6 мың сайт бұғатталды. Ал "Антифрод-орталығы" арқылы есірткі саудасына қатысы бар 9 мың банк картасы бұғатталып, жалпы көлемі 135 миллион теңгеден астам қаражатқа шектеу қойылған.

Сондай-ақ есірткі жарнамасы мен заңсыз сауданы анықтауға бағытталған "Таргетинг-орталығы" құрылып, жұмысын бастаған.

ІІМ халықаралық ынтымақтастықты да кеңейтіп келеді. Мамыр айында шетелдік әріптестермен бірлескен операция барысында Украина аумағында Қазақстан азаматтарын есірткі схемаларына тартқан ірі call-орталықтың қызметі тоқтатылып, 11 күдікті ұсталды.

Бұдан бөлек, елімізде прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына, сондай-ақ "дропперлік" қызметке қатысты жауапкершілік күшейтілді.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, Қазақстан бүгінде есірткі қылмысына қарсы халықаралық үйлестірудің маңызды алаңына айналып келеді. Жыл басынан бері шетелдік серіктестермен 20-дан астам кездесу өткізіліп, бірлескен іс-қимылды күшейтуге бағытталған жұмыстар жалғасуда.

"Біздің басты басымдығымыз – әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – деді Қуандық Әлжанов.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: