Қашағанда жаңа газ өңдеу зауыттары салынады: бұл Қазақстанға не береді
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы 7 шілдеде өткен Үкімет отырысында жаңа газ өңдеу жобаларын іске қосу жоспарларын таныстырды.
Министрдің айтуынша, бұл – ведомствоның басым бағыттарының бірі.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2025 жылғы қазанда Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Биыл жылдың соңына дейін Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңіндегі желілік бөліктің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы Қашағанда жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытын және Жаңаөзенде қуаты 0,9 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын пайдалануға беру көзделген", – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, 2029 жылы Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісінің екінші кезеңі іске қосылады. Бұл тауарлық газды тасымалдау қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Министрдің мәліметінше, 2030 жылға қарай:
- Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытын;
- Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, аталған жобаларды жүзеге асыру газ өңдеу көлемін ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тауарлық газ өндірісін ұлғайту жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript