Қазақстанда әуе тасымалы қағидаларына өзгерістер енгізіледі
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Құжатта әуе тасымалдарын ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптар айқындалған. Атап айтқанда, жолаушыларды тасымалдау шартын жасасу, әуе билеттерін рәсімдеу және брондау тәртібі нақтыланады.
Сондай-ақ жоба аясында жолаушылар мен әуе компанияларының құқықтары мен міндеттері, оның ішінде билеттерді қайтару талаптары реттеледі.
Бұдан бөлек, құжатта жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға, кәмелетке толмағандарға және жүкті әйелдерге қызмет көрсету, сондай-ақ рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда көрсетілетін қызметтердің тәртібі нақты жазылған.
Сонымен қатар ұлттық музыкалық аспаптарды және үй жануарларын әуе кемесінің салонында тасымалдауға қатысты жаңа нормалар енгізу ұсынылып отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – әуе тасымалы саласында жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру.
Бұйрық жобасы 2026 жылғы 27 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланды.