Мектептер балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудан неге бас тартады
Фото: Zakon.kz
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 2026 жылғы 18 тамызда Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау барысы туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер мамыр айында бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталған кезде әлеуметтік желілерде Астанадағы кейбір мектептердің орын тапшылығы мен бала санының шамадан тыс көп болуына байланысты ата-аналардың өтініштерін қабылдамай жатқаны туралы ақпарат тарағанын атап өтті. Осыған байланысты олар мәселенің қалай шешілгенін және балалардың қай мектептерге орналастырылып жатқанын сұрады.
"Биыл құжат қабылдау арнайы платформа арқылы ұйымдастырылды. Алғашқыда техникалық мәселелер туындады. Кейбір өтініш құжаттардың дұрыс тапсырылмауына байланысты кері қайтарылды. Қазір барлық мәселе реттелді. Әрине, ата-ана білім беру ұйымын таңдауға құқылы. Бұл жалпы ереже заңда белгіленген. Алайда балаларды қабылдау тәртібін айқындайтын қағидалар бар. Егер білім беру ұйымының жобалық қуаты баланы қабылдауға мүмкіндік бермесе, мектеп оны оқуға қабылдай алмайды. Өйткені сақталуға тиіс санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бар", – деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда балалар ата-аналардың қалауы ескеріле отырып, жақын маңдағы басқа мектептерге қабылданады.
"Биыл бірінші сыныпқа шамамен 380 мың баланы қабылдау жоспарланып отыр. Өтініш қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан өтініштердің түсуіне қарай барлық бала бірінші сыныпқа қабылданады", – деді бірінші вице-министр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейтінін және онда 4,1 млн оқушы білім алатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 5 мыңнан астам мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript