Қазақстанда ұялы телефондарды верификациялау және тіркеу рәсімдері ажыратылады
Фото: pexels
Жобаны қабылдау абоненттік құрылғылар айналымының ашықтығын арттыруға, заңды иелерінің құқықтарын қорғауға, сәйкестендіру кодтары ауыстырылған немесе көшірмеленген, ұрланған не елге заңсыз әкелінген құрылғыларды пайдалану қаупін азайтуға бағытталған. Сондай-ақ алаяқтыққа және дербес деректерді заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары базасында "ақ", "сұр" және "қара" тізімдер құру ұсынылады. Құрылғының аталған тізімдердің әрқайсысына енгізілуінің құқықтық салдары белгіленеді. Бұдан бөлек, құрылғы туралы мәліметтер GSMA дерекқоры мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріліп, верификация жүргізетін заңды тұлғаларға қойылатын талаптар енгізіледі.
Министрліктің мәліметінше, жобаны іске асыру абоненттік құрылғының өндірілген немесе республика аумағына әкелінген сәтінен бастап тіркелуіне, иесінің ауысуына, жөнделуіне, пайдаланудан шығарылуына немесе бұғатталуына дейінгі бүкіл өмірлік циклін қадағалауға мүмкіндік береді.
Мәліметтердің дұрыстығына қатысты қосымша кепілдіктер өтініш берушілер мен байланыс қызметін алғаш рет пайдаланушылардың биометриялық аутентификациясы, сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлармен автоматтандырылған ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар жоба ережелері байланыс желілерінде көшірмелену белгілері бар, GSMA-ның "қара тізіміне" енгізілген, сондай-ақ сот актілері немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың процестік шешімдері негізінде пайдалануға шектеу қойылған құрылғыларды қолдануды шектеуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен тергеу изоляторларында пайдаланылатын құрылғыларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұрудың жеке тәртібі қарастырылады.
Құжат "Ашық НҚА" порталында 14 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.