Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес – Президент
Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, Құрылтай ұлттық мүддені, қоғамды толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, еліміздің заңнамасын жедел әрі сапалы жаңғыртуға тиіс.
"Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа этиканы қалыптастыру азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына тікелей байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, қоғамдық орындарда келеңсіз және жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет.
Президент депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге де үлес қосуға тиіс екенін атап өтті.
"Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Парламентпен салыстырғанда Құрылтай құрамындағы әйелдер мен жастардың үлесі едәуір артқанына назар аударды.
Оның айтуынша, ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне жігерлі, отаншыл әрі еңбекқор жастардың келуіне жол ашты. Әкімдер арасында, мемлекеттік мекемелер мен бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады.
"Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі", – деді Президент.
Мемлекет басшысы институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, саясатқа жаңашыл әрі жасампаз адамдарды әкелу екенін атап өтті.
"Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес", – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.