Жұлдыз Сүлейменова ҚР Оқу-ағарту министрі болып қайта тағайындалды
Сурет: akorda.kz
Тиісті Жарлыққа бүгін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Жұлдыз Сүлейменова 1983 жылғы 25 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Тарих" мамандығы бойынша бакалавриат, "Философия және саясаттану" мамандығы бойынша магистратура деңгейінде тәмамдаған. 2008-2011 жылдары аталған университетте "Философия және саясаттану" мамандығы бойынша докторантурада білім алған. АҚШ, Оңтүстік Корея, Литва және Финляндия университеттерінде біліктілігін арттырған.
Еңбек жолын Алматы экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы әрі Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәндерінің мұғалімі, оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары, Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінде аға менеджер болды. 2017 жылдан 2021 жылғы қаңтарға дейін аталған ұйымның Даму департаментін басқарды.
2023 жылғы наурыздан бастап AMANAT партиясының тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды.
Жұлдыз Сүлейменова 2025 жылғы 29 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметін атқарады.