Астанада түнде, Алматыда тәулік бойы: алты қала тұрғындарына ескерту жасалды
Фото: wikimedia/Gaziz Sadykov
"Қазгидромет" РМК сайтында жарияланған ескертуге сәйкес, 2026 жылғы 4 қыркүйекте Ақтөбе мен Алматыда, ал түнде Атырау, Қостанай, Өскемен және Астана қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия секілді қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Мұндай кезде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналып, ауаның сапасы нашарлайды.
Осыған байланысты мамандар қала тұрғындарына далада, әсіресе көлік көп жүретін жолдар мен өзге де ластаушы көздердің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда өзіне қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі керек.
Бұған дейін, 3 қыркүйекте Орал, Ақтөбе, Астана, Алматы, Атырау және Өскемен тұрғындарына да қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескерту жасалған еді.