Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің оқу шығындарын өтеу қағидалары өзгерді
Фото: Zakon.kz
Атап айтқанда, ҚР Ұлттық ұланы мен ҚР ІІМ әскери-тергеу органдарында сарбаздар, сержанттар және старшиналар лауазымдарында келісімшарт бойынша кемінде сегіз жыл әскери қызмет өткерген азаматтардың Қазақстандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ақылы негізде оқу шығындарының 50%-ын бюджет қаражаты есебінен өтеу жөніндегі нұсқаулық жаңа редакцияда жазылды.
Құжатқа сәйкес, әскери қызметші оқу орнын аяқтағаны туралы дипломын ұсынған кезде оқу шығындарын өтеу құқығын бір рет пайдалана алады.
Ол әскери қызмет өткеретін жері бойынша мемлекеттік мек_mc мекеме басшысының немесе әскери бөлім командирінің атына жазбаша баянат береді. Сондай-ақ оқу шығындарын өтеуге құқығын растайтын құжаттарды ұсынады.
Әскери қызметші оқу шығындарын өтеу туралы баянатқа мына құжаттарды қоса береді:
- уәкілетті лауазымды тұлғаның жоғары білім беру бағдарламасына оқуға түсуге келісім бергені туралы құжаттың көшірмесі;
- еңбек сіңірген жылдары туралы анықтама;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың көшірмесі;
- жоғары білім беру бағдарламасына қабылдау туралы ректор бұйрығынан үзінді көшірме;
- жоғары білім беру бағдарламасы бойынша оқу ақысының төленгенін растайтын құжаттар;
- оқу орнын бітіргені туралы дипломның көшірмесі.
Оқу шығындары әскери қызметші ұсынған құжаттарды мемлекеттік мекеменің немесе әскери бөлімнің заң және қаржы органдары тексергеннен кейін өтеледі. Қаражат төлеуге мемлекеттік мекеме басшысының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығы негіз болады.
Оқу шығындарын өтеу туралы бұйрық әскери қызметшінің баянаты тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей шығарылады.
Қаражат мемлекеттік мекеме басшысы немесе әскери бөлім командирі бұйрыққа қол қойған күннен бастап бір ай ішінде төленеді. Ақша алушылардың тұрғылықты жері бойынша банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге лицензиясы бар ұйымдарда ашылған жеке немесе ағымдағы шоттарына аударылады.
Әскери қызметші оқу шығындарын өтеуден бас тарту туралы шешімге, сондай-ақ қабылданған шешімдер мен әрекеттерге немесе әрекетсіздікке Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға және сотқа шағымдана алады.
Оқу шығындарын өтеу құқығын пайдаланған әскери қызметшінің әскери қызмет өткеретін жері бойынша мемлекеттік мекеменің немесе әскери бөлімнің қаржы қызметі кадр қызметіне мына құжаттарды ұсынады:
- әскери қызметшіге оқу шығындарын өтеу құқығын іске асыру аясында нақты төленген қаражат туралы осы нұсқаулыққа қосымшада белгіленген нысан бойынша анықтама;
- мемлекеттік мекеме немесе әскери бөлім басшысының оқу ақысын өтеу туралы бұйрығынан үзінді көшірме;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың көшірмесі.
Аталған құжаттар әскери қызметшінің жеке ісіне тіркеледі.
Оқу шығындарын өтеу құқығын пайдаланған әскери қызметші теріс себептермен, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуына байланысты немесе аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сәйкессіздігіне байланысты әскери қызметтен шығарылса, оның жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқуына жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтарады.
Мұндай жағдайда мемлекеттік мекеменің немесе әскери бөлімнің кадр қызметі:
- әскери қызметші жұмыстан шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде оған оқуына жұмсалған қаражатты бір ай мерзімде тиісті бюджет кірісіне аудару арқылы мемлекетке ерікті түрде қайтару қажеттігі туралы хабарлайды;
- әскери қызметші оқуына жұмсалған қаражатты бір ай ішінде ерікті түрде қайтарудан бас тартқан жағдайда, оны сот тәртібімен өндіріп алу үшін мемлекеттік мекеме немесе әскери бөлім басшысының атына баянат береді. Қаражатты сот арқылы өндіріп алу жұмысын мемлекеттік мекеменің немесе әскери бөлімнің заң қызметі жүргізеді.
Баянатқа мына құжаттар қоса беріледі:
- әскери қызметтен шығару және оқу шығындарын өтеу туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың және жеке куәліктің көшірмелері;
- әскери қызметшіге төленген қаражат туралы қаржы қызметінің анықтамасы.
Мемлекеттік мекеменің немесе әскери бөлімнің заң қызметі әскери қызметшінің жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқуына жұмсалған қаражатты өндіріп алу туралы баянат пен қажетті құжаттарды алған күннен бастап бір ай ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа талап арыз береді.
Бұйрық 2026 жылғы 19 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.