Қазақстан мен Қатар іздеуде жүрген адамдар туралы деректер алмасады
Фото: Zakon.kz
Құрылтай депутаттары 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жалпы отырыста Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Құжатқа берілген қорытындыда келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында қол қойылғаны көрсетілген.
"Келісім Қазақстан мен Қатар арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттеуге бағытталған", – делінген құжатта.
Келісім аясындағы ынтымақтастық тараптардың құзыретті мемлекеттік органдарының сұрау салулары негізінде жүзеге асырылады.
Бұл екі елге:
- қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел ақпарат алмасуға;
- іздеуде жүрген адамдар туралы деректерді жедел салыстырып тексеруге;
- бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге, технологиялар алмасуға және киберқылмыс пен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес саласында біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Екі оқылымда қарау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.
2026 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстанның трансұлттық қылмыстарды тергеу мүмкіндіктері кеңейетіні белгілі болды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript