Қазақстанның әскери техникасы Ресейдегі оқу-жаттығудан оралмады деген ақпарат – жалған
Фото: freepik
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Дезинформацияға қарсы күрес орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Орталық халықаралық әскери оқу-жаттығудан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің техникасы тұрақты орналасқан жерлеріне оралмағаны туралы жалған ақпараттың таралғанын тіркеді. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін, 2026 жылғы 6 қазанда техника тұрақты орналасқан жерлеріне қайтарылған", – деп хабарлады орталық.
Орталықтың мәліметінше, автор жалған ақпаратқа оқырманды жаңылыстыруға бағытталған сұрақты әдейі қосқан. Ол болған жағдайды шет мемлекетке әскери көмек көрсету немесе "Отанға опасыздық жасау" деп бағалауға бола ма деген сауал қойған.
"Сұрақтың осылай қойылуы мән-жайдан хабарсыз аудиторияны эмоцияға негізделген пікірталасқа тартады, жалған себеп-салдар байланысын қалыптастырады және пайдаланушылардың нақты жағдай туралы түсінігін бұрмалап, оларды жаңылыстырады. Бұл жағдайда шын мәнінде болған оқиғаға – әскери оқу-жаттығудың өткізілуіне – жалған дерек қосылған. Бұдан кейін бастапқы хабарлама пікірлер, қайта жариялау, бір-біріне жолдау және скриншоттар арқылы тарала береді. Осылайша, жалған тұжырымның өзі жеке талқылау нысанына айналып, пайдаланушылар оны расталған факт ретінде қабылдауы мүмкін", – делінген хабарламада.
Орталық көрінеу жалған немесе дәйексіз мәліметтерді тарату заңнамада көзделген құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салды.
Бұған дейін Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында болған өрт түрлі қауесеттің таралуына себеп болған еді. Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін тараған жалған ақпараттар да жоққа шығарылған.
2026 жылғы 21 қыркүйекте Ресейде 24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында ҰҚШҰ-ның "Өзара іс-қимыл – 2026", "Іздеу – 2026" және "Эшелон – 2026" оқу-жаттығулары өтетіні хабарланған болатын. Оқу-жаттығуларға дайындық және оларды өткізу аясында 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында әскери техника мен жеке құрам Қазақстан аумағы арқылы Ресейдің Челябі облысындағы Мисящ станциясына дейін және кері бағытта теміржол көлігімен жоспарлы түрде тасымалданған.