Қазақстанда тағы 20 ұшақ пен 50 туристік орынды интернетке қосу жоспарланып отыр

Авиакомпания Air Astana, Эйр Астана, самолет, самолеты , сурет - Zakon.kz жаңалық 24.11.2026 15:33 Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2026 жылғы 24 қарашада Үкімет отырысында көлікте, туристік орындарда және шекарадағы өткізу пункттерінде интернетті қолжетімді ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Министрдің айтуынша, интернетке жол үстінде де қосылуға мүмкіндік көбейіп келеді.

"Көлікті, туристік нысандарды және шекарадағы өткізу пункттерін интернетке қосып жатырмыз. Air Astana әуе компаниясы бір ұшағын OneWeb спутниктік интернетіне қосты. Келесі жылы тағы 20 ұшақты осы желіге қосу жоспарланып отыр. ҚТЖ-ның 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi жұмыс істеп тұр. Биыл туристер жиі баратын 10 орынды интернетке қостық. Келесі жылы тағы 50 орынды қосуды жоспарлап отырмыз", – деді Жаслан Мәдиев.

Оның сөзінше, шекарадағы барлық өткізу пункті интернетпен қамтылған. Байланыс талшықты-оптикалық желілер мен спутниктік желілер арқылы да қамтамасыз етіледі.

"Талшықты-оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Қазақстанда ауылдардың арасы алыс. Сондықтан спутниктік интернет – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы. 1 қазанда OneWeb пен Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілді. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясын іске қостық. Бұл технология смартфонды спутникке тікелей қосу арқылы елдің кез келген нүктесінен хабарлама жіберуге және интернеттің негізгі мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады", – деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, бұл технология Android жүйесінде жұмыс істейтін смартфондарға қазірдің өзінде қолжетімді. Оны iOS жүйесіне бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

"Келесі жылы Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компаниялары Қазақстан нарығына шығады деп күтеміз. Осылайша, Қазақстан төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді", – деді министр.

Бұған дейін Жаслан Мәдиев ел аумағындағы қанша учаскеде ұялы байланыс әлі де тұрақсыз екенін айтқан еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: