Брокерлер қазақстандықтардың бағалы қағаздардан алған кірісі туралы мәліметті МКК-не береді
Фото: freepik
Құжатқа сәйкес, брокерлер Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) бағалы қағаздардың қалдығы, оларды ұстаушылар және жеке тұлғалардың бағалы қағаздармен жасаған операциялары туралы мәлімет береді. Мәлімет талап қоюдың ескіру мерзімі шегіндегі салық кезеңдері үшін ұсынылады.
Пилоттық жобаның мақсаты – комитет әзірлеген "Stock market Tax View" қосымшасының жұмысын сынақтан өткізу. Қосымша бағалы қағаздардың құн өсімінен түскен кіріске салынатын жеке табыс салығын (ЖТС) есептеп, салық есептілігін алдын ала толтырады.
Жоба аясында:
- бағалы қағаздардың құн өсімінен түскен кіріске салынатын ЖТС автоматты түрде есептеледі;
- қосымша салық есептілігін алдын ала толтырады. Бұл брокер клиенттеріне бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен кірісті декларациялауды жеңілдетеді;
- МКК алдын ала толтырылған декларацияларды "Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіндегі" "Салық төлеушінің кабинетіне" орналастырады. Брокер клиенттері өз декларациясын сол жерден көре алады.
Пилоттық жобаға мәліметті қабылдайтын Мемлекеттік кірістер комитеті, мәліметті ұсынатын брокерлер және олардың клиенттері – жеке тұлғалар қатысады. Брокерлер жобаға ерікті түрде қосылады.
Брокерлер мәліметті комитеттің сұрауы бойынша Excel форматында ұсынады. Оған сұрауды алған күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі. Комитеттің жауапты лауазымды қызметкері келіп түскен мәліметті қосымшаға жүктейді.
Брокерлер ұсынған мәліметтер негізінде қосымша мынадай екі міндетті атқарады:
- Жеке тұлғалардың бағалы қағаздармен жасаған операциялары бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) есептейді.
- Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысаны) алдын ала толтырады. Декларацияға бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен кіріс, сондай-ақ бағалы қағаздарды сатып алу және сату туралы мәліметтер енгізіледі.
Қазақстандықтар алдын ала толтырылған декларацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің "Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіндегі" "Салық төлеушінің кабинетінен" көре алады.
Пилоттық жобаға қатысатын брокерлердің клиенттері – жеке тұлғалар декларацияға алдын ала енгізілген бағалы қағаздардың құн өсімінен түскен кіріс туралы мәліметтерді қарап, тексереді және қажет болса, түзетеді.
Мәліметтер қате болса, салық төлеуші оларды пайдаланбай, дұрыс ақпаратты өзі енгізуге құқылы.
Ал салық төлеуші алдын ала толтырылған декларациядағы мәліметтермен келіссе, декларацияны "Салық төлеушінің кабинеті" арқылы мемлекеттік кірістер органдарына тапсырады.
Қағидаларға сәйкес, мәліметтерді беру кезінде ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптары сақталуға тиіс.
Бұйрық 2026 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енеді және 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданылады.