Шахтадағы кезекті апаттан соң "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік құқығы Қазақстанға берілетін болды
Ведомствоның баспасөз қызметі Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екенін мәлімдеді.
"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады", – делінген үкіметтің Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бірнеше адам қаза тапты.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында алдын ала болжам бойынша, метан жарылғанын мәлімдеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Бұған қоса мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртаумен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қадағалаушы орган сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша жүргізілетінін мәлімдеді.