Биыл 3300-дей қандас атамекенге оралған
Фото: МИД РК
Ұлттық статистика бюросы мен Көші-қон комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, былтыр Қытайдан 7405 азамат Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келіп, қандас мәртебесін алған.
Ал 2021 жылы бар болғаны 249 адам қоныстанған болатын. Қазіргі таңда Қытайдан келген қандастардың негізгі бөлігі еңбекке қабілетті жастар, деп жазады qazaqstan.tv.
Олардың үлесі 57 пайыздан асады. Денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және шығармашылық саласының білікті мамандары бар.
15 пайызы – жоғары білімді азаматтар. Бұған дейін келген қандастар Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанса, қазір Астана мен Алматы қалаларына орналасып жатыр.
Шекара асып келген ағайынға баспана сатып алу үшін мемлекет тарапынан 7 миллион теңге беріледі.
Жалпы 1991 жылдан бері Қытайдан 378 мыңнан астам қазақ тарихи Отанына оралған.