Астанада көліктен телефон ұрлаған күдікті ұсталды
Фото: Zakon.kz
Оқиға елорда аумағында күндізгі уақытта болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті еш қысылмастан Hyundai көлігінің есігін ашып, көлік ішінде отырған иесіне білдірмей, Honor телефонын жасырын түрде қолды еткен.
Жәбірленуші жағдайды бірден байқап үлгермеген. Келтірілген материалдық шығын көлемі 100 мың теңгені құрады. Қылмыс қаланың бейнебақылау жүйелері арқылы жедел анықталды.
Полицейлер оқиға барысын мұқият зерделеп, күдіктінің әрекетін толық тіркеген бейнематериалдар негізінде оның жеке басын қысқа мерзімде анықтап, ұстады.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын да осыған ұқсас құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.