Интернет-казино ісі бойынша төрт көлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды
Фото: pexels
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) интернет-казинолардың қызметін заңсыз ұйымдастыруға жәрдемдесу фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Тергеу дерегінше, үш компания арқылы шетелдік интернет-казинолардың мүддесіне жалпы сомасы 191 млрд теңге болатын операциялар жүргізілген.
Агенттіктің баспасөз қызметі бұл туралы 2026 жылғы 9 қарашада мәлімдеді.
"Тергеу дерегінше, ұйымдастырушының бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесі арқылы шетелдік интернет-казинолардың, соның ішінде Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN-нің мүддесіне операциялар жүргізілген. Бұл жүйеге бірнеше банктегі жүздеген терминал кірген. Операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгені құрады. Есеп бойынша комиссиялық сыйақы мөлшері 286 млн теңге болған", – деп хабарлады ҚМА.
Агенттіктің мәліметінше, төлемдердің нақты мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кей жағдайда деректемелер иелерінің хабарынсыз қолданылған.
"Олардың атына интернет-эквайринг терминалдары ашылған. Жалған шарттар мен сайттар арқылы ақша аударымдары тауарлар мен қызметтер үшін жасалған төлем ретінде көрсетілген. Қаражат шетелдік контрагенттерге аударылған. Бұл үшін криптовалюта да пайдаланылған", – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, істі ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынған.
"Соттың санкциясымен төрт көлік құралы мен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", – деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес іске қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
2026 жылғы 4 қарашада ҚМА Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға іздеу жарияланғанын растаған еді. Агенттіктің мәліметінше, олар қазақстандық пайдаланушыларға арналған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының қызметін заңсыз ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript