Қыста жазғы шинамен жүргендерге 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады – Астана полициясы
Сурет: pexels
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, қыста жазғы шинамен жүрген жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабына сәйкес 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
"ҚР заңнамасына сәйкес, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін жеңіл автомобильдер мен жеңіл жүк көліктерін қысқы шинасыз пайдалануға тыйым салынады. Қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы тиіс", – делінген хабарламада.
Полиция Астанада күн көбіне қыс түспей-ақ суытып, жолдарда көктайғақ болатынын еске салды. Сондықтан жүргізушілерге шина ауыстыруды желтоқсанға қалдырмауға кеңес берді.
Департамент жүргізушілерді көліктің техникалық жай-күйін тексеруге, жолда қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, жылдамдықты ауа райына қарай таңдауға және көлік бағытын күрт өзгертпеуге шақырды.
Шинаны уақытында ауыстырмаған жүргізушіге айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ оны тасжолға шығармай қоюы ықтимал. Мәселен, Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер республикалық маңызы бар тасжолдардан жазғы шинамен жолға шыққан 700-ден астам көлікті кері қайтарған.