Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты бірқатар заң қабылданады
Фото: akorda.kz
Құжатта бірқатар іс-шаралар көзделген.
Атап айтқанда:
- "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заң жобасын дайындау – 2026 жылғы 30 сәуірге дейін;
- "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заң жобасын әзірлеу – 2026 жылғы 30 сәуірге дейін;
- "Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасын дайындау – 30 сәуірге дейін;
- "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Конституциялық заң жобасын әзірлеу – 30 сәуірге дейін.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметіне, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді Конституция талаптарына сәйкестендіру бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Үкіметке бұдан бөлек 2026 жылғы 7 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілету жөніндегі жоспарды бекіту міндеттелді.
Құжатта құрылымдық бөлімшелерге бекітілген тапсырмалардың уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету жүктелген.
Аталған бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда "Астананың мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасы әзірленгені хабарланған болатын.
Жаңа Конституцияның мәтіні 2026 жылғы 18 наурызда ресми түрде жарияланған.