Қарағанды облысының әкімі АМТ кеншілері туралы: Штат та, жалақы да қысқартылмайды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында "АрселорМиталл Теміртау" (АМТ) компаниясында "инвестордың ауысуына байланысты жұмыс орны қысқаруы ықтимал" деген кеншілердің қаупіне қатысты жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ермағанбет Бөлекпаев АМТ штаттық режимде жұмыс істейтінін, ешқандай өзгеріс болмағанын хабарлады.

"Жаңа инвестор келген соң қысқартулар болады ма" деген сұрақ жиі қойылады. Кеншілер мен металлургтердің табысы қысқартылмайды, сонымен қатар қысқарту да болмайды. Бұл жай айтылған долбар ғана, оған тоқтау салғым келеді. Мұның бәрі жаңа инвесторға ескертіледі. Кеншілердің бұлай алаңдауы түсінікті жайт, сондықтан біз АМТ-ның барлық сегіз шахтасында болып, кеншілермен кездесулер өткіздік, түсініктеме бердік", - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ ол өз орынбасары Вадим Басиннің жайына да тоқталды. 

"Вадим Басин әкімнің орынбасары қызметінен босатылды, қазір ол шахтерлермен тікелей жұмыс істейді, басшылықпен және инвесторлармен кездесулер өткізеді, жақын арада оның қызметтік лауазымы анықталады деп ойлаймын", - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин "АрселорМиттал Теміртау"АҚ-ны басқаратынын мәлімдеді.

Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтада 2023 жылы 28 қазанға қараған түні сағат 02:33-те апат болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болды, жер бетіне 206 кенші шығып үлгерді. Бастапқыда төрт құрбан туралы хабарланды, бірақ жер астында қалғандардың барлығы – 46 шахтер де қаза тапты.

Шахтадағы төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "АрселорМиттал Теміртау "компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

4 қарашада "АрселорМиттал Теміртауды" қазақстандық инвестор сатып алатыны белгілі болды.

Қарағанды
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: