Ол Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына байланысты әлемдік мұнай нарығында құбылмалылық артқанын атап өтті. Бірінші тоқсанда мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 80,6 АҚШ долларын құрады.
"Қолданыстағы бюджет құрылымына сәйкес мұнай бағасының өсуінен түсетін қосымша табыс негізінен Ұлттық қорға түседі, себебі мұнай кірістерінің басым бөлігі заңнамаға сәйкес сол қорға бағытталады. Республикалық бюджет үшін тікелей оң әсер негізінен мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж есебінен көрініс тапты, бұл бағытта қосымша 40,5 млрд теңге қамтамасыз етілді. Алайда теңгенің нығаюы республикалық бюджет кірістеріне кері әсер етті", – деді Мәди Тәкиев.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңдегі орташа айырбас бағамы 497,7 теңге болса, ал болжамды көрсеткіш 540 теңге болған. Осы айырмашылықтың салдарынан бюджетке шамамен 146 млрд теңге көлемінде кіріс түспеген.
"Осылайша, сыртқы баға конъюнктурасы, соның ішінде валюта бағамының өзгеруі республикалық бюджет кірістерін шектейтін негізгі факторға айналды", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Мәди Тәкиев бизнес қарыздарының мемлекетке өтелуі туралы да ақпарат берген болатын.