Бұған Threads желісіндегі жазба себеп болды. Автор саябақ аумағында көліктер, рикшалар мен самокаттардың көптігіне шағымданған.
Қолданушы саябақтағы жағдайды "базарға" теңеп, Ботаникалық бақта тыныш серуендеу қиындағанын жазған.
"Әдемі Ботаникалық бақтың қандай да бір базарға айналып бара жатқаны өкінішті. Енді тыныш серуендеу мүмкін емес. Жан-жақтан көліктер, рикшалар, самокаттар жүр. Оларды түсініксіз адамдар заңсыз жалға беріп отыр. Әсіресе саябақтың ортасында жағдай осындай. Онсыз да барлық саябақта көшедегі сауда, түрлі аттракциондар мен көліктер көбейіп кетті. Ең болмағанда Ботаникалық бақты тыныш қалдырып, оны бастапқы мақсатына сай пайдалануды бастасақ қайтеді?" – деп жазды ол.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, "Есіл" ауданында көшелерде, аялдама маңында, қоғамдық орындарда және сауда жасауға арналмаған басқа да аумақтарда сауда жасауға тыйым салынған.
"Сауда қызметін тек арнайы белгіленген орындарда: сауда ойын-сауық және сауда орталықтарының ішінде, сондай-ақ ресми түрде бөлінген аумақтарда жүргізуге болады", – деді әкімдік.
Сонымен қатар қала әкімдігі Ботаникалық бақта және ірі тұрғын үй кешендерінің аулаларында да заңсыз сауда фактілері анықталып жатқанын растады.
"Есіл" ауданы әкімінің аппараты аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, заңсыз орнатылған сауда нысандарын тұрақты түрде алып тастау және шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деп қосты жергілікті билік.
Әкімдік рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды.
Бірінші рет құқық бұзған адамға ескерту жасалады немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 10 АЕК болады.
Бұған дейін Астанадағы Ботаникалық бақта шетелдік азаматтың әдепсіз әрекеті видеоға түсіп қалған еді.