Көші-қон комитеті қазақстандықтарды шетелден жұмыс іздеген кезде интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырады.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шетелде жылдам жұмысқа орналастыру туралы қызықтыратын жарнамалар жиі тарала бастады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті ресми түрде ескертеді: мұндай ұсыныстардың басым бөлігі Қазақстанда ресми тіркелмеген және заң аясынан тыс әрекет ететін шетелдік делдалдар мен күмәнді ұйымдардан түседі", – делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомство тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы оңай табыс табуға ұмтылу сенгіш азаматтарды көбіне ауыр зардаптарға ұрындыратынын атап өтті.
"Отандастарымыз қомақты қаржысынан айырылып, құқықтық кепілдіктерсіз қалуы және бөтен елде елеулі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұндай схемаларды ұйымдастырушылар көбіне Қазақстаннан тыс жерде болады. Бұл зардап шеккендердің құқықтарын қорғауды айтарлықтай қиындатады", – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Көші-қон комитеті азаматтарды барынша сақ болуға, әлеуметтік желілердегі кездейсоқ хабарландыруларға сенбеуге және күмәнді жұмысқа орналастыру делдалдарына ақша аудармауға шақырады.
"Шетелде қауіпсіз жұмысқа орналасу үшін тек ресми, аккредиттелген операторларға жүгініп, барлық құжат пен рұқсатты алдын ала міндетті түрде тексеру қажет", – делінген хабарламада.
Бұған дейін, 2026 жылғы 16 қазанда Қазақстанда алаяқтардың адамдарды алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапқаны туралы жазған едік.