Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтті.
"Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз", – деді Қазақстан Президенті.
Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екеніне назар аударып, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына қарсы күресте көмек қолын созған барша қырғыз жұртына қазақ елінің атынан зор ризашылығын білдірді.
"Бас қаламызда бой көтерген осы сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Мен екі елдің достығы ешқашан мызғымайды деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: akorda.kz
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткеніне тоқталды.
"Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік. Бұл орайда талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сондай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Сондықтан бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді", – деді Қырғызстан Президенті.
Сурет: akorda.kz
Салтанатты шараға Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетейік, 2024 жылғы 18 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келді. Елорда әуежайында оны мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Кешке Мемлекет басшылары Қазақстан мен Қырғызстан өнер шеберлерінің гала-концертіне қатысты. 19 сәуірде "Ақорда" резиденциясында Садыр Жапаровты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Келіссөздер кезеңінде алдымен шағын құрамда жиналыс өткізсе, артынша екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысына қатысты. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Жапаровты "Достық" орденімен марапаттады. Сондай-ақ, екі елге де маңызы зор бірқатар құжаттарға қол қойылды.